301 адам коронавирус жұқтырды және 5 адам қайтыс болды

none

17 қазанда Қазақстанда 301 адамның коронавирус ауруына шалдыққаны анықталды. Тәулік ішінде бес Covid өлімі тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ауруға шалдыққан 301 адамның 104-і вирус жұқтырғаны Covid тестімен расталған науқас болса, 197-сі диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған науқас болған. Соңғысын коронавирус пневмониясына шалдыққандар деп атайды.

Қазақстан билігі коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға тек Covid тестімен расталған науқастар дерегін қосып келеді. Оған сәйкес, Қазақстанда барлығы 109 406 науқас коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның 1792-сі қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырған расталған, бірақ билік "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмеген.

Ел үкіметі 1 тамыздан бері Covid тестімен расталмаған, диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясының есебін жүргізіп келеді. 1 тамыз бен 18 қазан аралығында коронавирус пневмониясы диагнозы 35 914 адамға қойылған. Ауруға шалдыққан 381 адам қайтыс болған. Коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға бұл дерек те кірмеген.

Джонс Хопкинс университеті Қазақстан билігінің дерегіне сүйеніп, тек Covid тестімен расталған науқастар санын көрсетсе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid пен коронавирус пневмониясы дерегін қосып отыр. Екі деректі қосқанда елде 145 320 адам вирус жұқтырған болады.

Айдары: Найзағай 18.10.2020 14

Қатысты мазмұн