"Кексель ісі" тоқтады

none

Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы жетекшісі Олеся Кексельге байланысты істің тоқтағанын растады.

"Қылмыс құрамы жоқ болғандықтан Кексельге байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары тоқтады. Барлық тергеу амалдары жүргізілді және қазір заңдылығын тексеру үшін барлық материалдар прокуратураға жіберілді" деді 13 желтоқсанда журналистердің сұрақтарына жауап берген Ерлан Тұрғымбаев.

Олеся Кексель мен бас прокуратураның тергеу тобының мүшесі Бауыржан Ғаббасовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын ең алғаш болып "Время" газеті хабарлаған. Басылымның жазуынша, істің қозғалуына кәсіпкер Набиевтің шағымы түрткі болған. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұған дейін бас прокуратураға бір азаматтың шағым түсіргенін, онда аталған азаматтардың тергеу амалдарында заңға қайшы әдістерді қолданғаны туралы шағымданғанын айтқан. Олар "Азаптау" бабы бойынша күдікке ілінген.

21 қарашада бас прокуратура Кексель ісі тоқтағанын мәлімдесе, ішкі істер министрі бұл деректі растамаған еді.

Олеся Кексель бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісі сияқты Қазақстандағы ірі даулы істер бойынша тергеу тобына жетекшілік еткен. Ол мамыр айында арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі қызметінен босатылған.

Айдары: Найзағай 13.12.2019 33

Қатысты мазмұн