"Ел тірегі" әділет министрлігін сотқа беріп, жеңіліп қалды

none

Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының бастамашыл тобы әділет министрлігін сотқа беріп, жеңіліп қалды. Министрліктің партияны тіркемеу әрекетін заңсыз деп тануды сұраған "Ел тірегі" партиясының өтінішін жұма күні Нұр-Сұлтан соты кері қайтарды. Онлайн өткен сотта Есіл ауданы сотының судьясы А.Салимов "мемлекет органы тарабынан ешқандай қателік кетпеді" деген тұжырым жасап, бастамашыл топтың арызын қанағаттандырмады. Шағым түсіруші жақ шешімді апелляцияға беретінін айтып отыр.

Заңгер Ғалия Әмірбекованың сөзіне қарағанда, бастамашыл топ бұған дейін партияны тіркеу туралы үш рет өтініш берген. Бірақ министрлік бірнеше рет "тізімдегі адамдардың үшеуі қайтыс болған, екеуінің кім екені белгісіз" деп құжатты қабылдамаған. Бұдан соң "Ел тірегі" министрліктің бұл әрекетіне сотқа шағым түсірген.

Былтыр жылдың соңында мәжіліс мандатынан айырылып, "Нұр Отаннан" қуылғаннан кейін жеке партия құратынын мәлімдеген Нұржан Әлтаев партияны ресми түрде тіркете алмай жүргенін бұған дейін де мәлімдеген. Әділет министрі Марат Бекетаев қаңтар айында "егер олар біз көрсеткен қателіктерді жойса, өтініштерін қабылдаймыз" деп айтқан.

Нұржан Әлтаев наурызда елдегі оппозициялық күштердің "үйлестіру кеңесін" құру жөнінде бастама көтерген. Бірақ кейбір белсенділер оның билікке шын оппонент екеніне күмән келтіріп, кеңестің құрамына қосылмайтынын айтқан. Оның бастамасымен ұйымдастырылған шараларда билікке сын айтылғанмен оппозиция мен белсенділердің қудалануы, жемқорлық сияқты өткір мәселелер ашық қызу талқыланбайды.

Айдары: Найзағай 10.04.2021 65

Қатысты мазмұн