"Адал" партиясы мәжіліс депутаттығына 20 кандидат ұсынды

none

Қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысатын "Адал" партиясы 19 қарашада депутаттыққа ұсынатын кандидаттар тізімін таныстырды.

Мәжіліс депутаттығына ұсынылған 20 үміткердің арасында спортшы, блогер, эколог, журналист, бизнес-тренер бар. Атап айтқанда, журналист Мақсат Толықбай, партия төрағасы Серік Сұлтанғали (суретте), спортшы Ардақ Назаров, Қазақстанның қой шаруашылығы қауымдастығының жетекшісі Алмасбек Садырбаев, партияның Нұр-Сұлтандағы өкілдігінің жетекшісі Мұрат Қожамқұлов т.б адамдар бар. Партия құрамына жаңадан кірген адамдардың көбі жастардан құралған.

"Адал" - елде ресми түрде тіркелген алты партияның бірі. 2013 жылы "Бірлік" ретінде тіркелген партия қараша айының басында атауын өзгертіп, "Адал" болған. "Ребрендинг" жасауының себебін түсіндірген саяси ұйым өкілдері "әділдікті талап етушілер көбейді" деген еді.

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға партиялар ұсынған кандидаттар ғана сайлана алады. Заңға 2018 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, өзін-өзі ұсынған азаматтар сайлауға қатыса алмайды.

Айдары: Найзағай 20.11.2020 53

Қатысты мазмұн