Түркістан облысында өгей шешеден екі жылға жуық қорлық көріп келген үш қыздың туған анасы мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды КТК тілшісі.

Соңғы екі жылдан бері Шымкентте тұратын 35 жастағы әйелдің айтуынша, қыздардың таяқ жеп жүргенін әкесінің білмеуі мүмкін емес. Бұрынғы күйеуі Нұрмұхамед Қойымбетовтің жат ағымға ергенін айтқан келіншек "бірге тұрған 10 жылда ол басыма әңгір таяқ ойнатып келді" дейді. Ал Қойымбетов мұның бәрін теріске шығарып отыр.

Бұрынғы күйеуі мен таныстарынан қорқам деген әйел, аты мен бетін жасыруды өтініп, Нұрмұхамед Қойымбетовпен бірге тұрған кезін айтып берді. Мектеп бітіре сала 17 жасында махаббатпен тұрмыс құрған. Күйеуім үш жылдан соң жат ағымның жетегіне еріп, бірден құбылып шыға келді дейді ол. Орамалға оратып, үйге ақша әкелуді қойыпты. Шыдай алмай үйден кеткен соң да телефон арқылы қорқытқан көрінеді.

"Қыздарға жолайтын болсаң атып тастаймын, үрім-бұтағыңмен жоқ қыламын. Бүкіл сақалдыларды жинап, егіс алқабына апарып, маңдайыңнан атып тастаймын деп қорқытты. Сотыңа да, басқаңа да пәленшемді қойып қойғанмын деді", - дейді ол.

Діндар бола сала қит етсе қызғанып, ұруды шығарды дейді келіншек. Оның айтуынша, қыздарға да қол көтерген көрінеді. Бұрынғы күйеуін озбыр деп айыптаған ол қыздарының өгей шешесінен таяқ жеп келгенін білмеді дегенге сенбейді. Келіншек тіпті қыздарымен бірге өмірмен қош айтысқысы да келген көрінеді.

"Басымды дуалға ұрып, шашымды жұлған кездерім де болды. Өзімнің басымды жарып та тастағам. Газды қосып қойып, уланып өлгім келді. Мен қыздарымды тастап кетуге мәжбүр болдым. Сөйтіп өзім қашып кеттім. Кейін қыздарымды алып кетемін деп ойладым...", - дейді келіншек.

Ал Нұрмұхамед Қойымбетовтің өзі бізге жіберген видео-мәлімдемесінде бұрынғы әйелінің сөздерін қып-қызыл жала дейді. Оның айтуынша, келіншегімен көзіне шөп салған соң ажырасқан көрінеді.

"Мен туралы жалған ақпарат беріп жатыр. Мен оны ұрған жоқпын. Мен ешқандай салафизм-малафизм, вахабист -махабист емеспін", - дейді ол