Өзбекстанның Қашқадария облысы Каршин ауданының фермерлерін бидайды өткізу жоспарын толық орындамағаны үшін аудандық милицияның басшысы соққыға жыққан. Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы диқандардан жоспарды толтыру үшін, көрші ауылдың фермерлерінен бидай сатып алыңдар деп талап қойып, екі рет жұдырығын көтерген. Бұл оқиға жөнінде фермерлердің өздері хабарлады.

28 маусымда Өзбекстанның құқық қорғау органдарының өкілдері фермерлердің шағымы бойынша, істі қарап жатқанын мәлімдеді.

"Бүгін Озодлик радиосына сұқбат берген мені және екі диқан Бахриддин Тураев пен Абдухамид Пардаевты махалладағы милиция бөлімшесі өкілдері шақырды. Бізден арыз жазуымызды сұрады. Бұл іске қатысты тексеру жүргізетіндерін айтты", – деп хабарлайды «Абдугафуров Мухаммад» ауыл шаруашылығының жетекшісі, 33 жастағы Рахматулло Ходжамуродов.

"Таяқ жеген" фермердің бірі Рахматулло Ходжамуродов егін алқабына милиция басшысы Джахангир Раджабовтың келіп, жоспар неге орындалмады деп сұрағанын айтады. Диқандар себебін түсіндіре бастағанда, милиция басшысы оларды жұдырығымен ұра бастаған. Бұл оқиға 24 маусымда болған.

Джахангир Раджабовтың өзі баспасөзге комментарий беруден бас тартты, деп жазады centralasian.org.

Осыған дейін Каршин ауданында су тапшылығынан егіннің бітік шықпай, жоспардан аз егін орылғаны хабарланған.