Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Нұр-Сұлтандағы баспасөз мәслихатында Қытаймен келісім жасалған 55 жобаға байланысты түсініктеме берді. Осы аптада елдің бірнеше қаласында тұрғындар наразылыққа шығып, "55 Қытай зауытының жұмыс істеуіне" қарсылық білдіріп, биліктен бұл зауыттарды елден шығаруды талап еткен еді.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан мен Қытай бірлесіп жүзеге асырып жатқан 55 жобаның қазіргі кезде 15-і іске қосылған, 20 жоба "жүзеге асырылу" кезеңіне таяған. Ол 15 жобада жұмыс істеп жатқандардың басым бөлігі қазақстандықтар екенін атап өтті.

  • Осы 55 жобаның ішінде 3,9 миллиард долларға бағаланған 15 жоба ауыл шаруашылығы, металлургия, химия, мұнай-газ, көлік, логистика және басқа салаларда іске қосылды. Бұл 15 жоба аясында жаңадан ашылған 4 мыңға жуық жұмыс орнына тұрғандардың 95 пайызы – қазақстандықтар, - деді Қасымбек. Оның сөзінше, биылғы жылдың соңына дейін тағы 5 жоба іске қосылмақ. Барлық жобаның құны - 27 миллиард доллар.

Премьер-министр орынбасарының айтуынша, "олардың көбі - жоғары технологиялы кәсіпорындар".

  • Жалпы осы жобалар бойынша біз 20 мыңға дейін жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Тағы да қайталаймын, (Қазақстанға) басқа бір елден ешқандай ескі зауыт әкелінбейді, - деді ол.

Қасымбек сөз арасында соңғы уақытта елге құйылған Қытай инвестициясының көлемі 5,6 пайыз деңгейде қалғанын да жеткізді.

Елдегі наразылықты меңзеген вице-премьер бұл жобалар жайлы ақпараттың халыққа дұрыс жетпей жатқанын айтып, сыртқы істер министрлігіне қарасты инвестиция жөніндегі комитет толық ақпарат беруі тиіс деді.