Венесуэланың оппозиция лидері әрі парламент спикері Хуан Гуайдо 23 қаңтарда елдегі жаппай наразылық кезінде өзін уақытша президент ретінде жариялады.

АҚШ президенті Дональд Трамп "Венесуэла халқы Мадуро режиміне қарсы батылдық танытты" деп мәлімдеп, Гуайдоға қолдау білдірді.

"Ұлттық ассамблея, жалғыз легитимді мүмкіндігін пайдаланып, ел Конституциясынан Николас Мадуроның билігін заңсыз деп есептеуін сұрады", - делінген Ақ үй таратқан мәлімдемеде.

Мемлекеттік хатшы Майк Помпео Николас Мадуроны билікті өз еркімен Гуайдоға беруін сұрады.

23 қаңтарда ел президенті Николас Мадуроның екінші мерзімге президент болып сайлануына қарсылық танытып, халқы жаппай көшеге шыққан. Наразылық акциялары Венесуэланың бірнеше ірі қалаларында өтті.

Сәрсенбі күні Венесуэланың вице-президенті Дельси Родригес наразылық акцияларын АҚШ билігі және елдің олигархтары ұйымдастырды деп мәлімдеді.

"Бүгін жергілікті олигархтар америкалық империядан бұйрық алды. Бірақ біз отанды қорғауға шықтық", – деді вице-президент мемлекеттік телеарна арқылы.

Мадуро 2018 жылдың соңында өткен сайлауда формальды түрде жеңіске жеткен. 10 қаңтарда ресми қызметіне кірісті. Бірақ Мадуроның жеңісін бақылаушылар мен оппозиция мойындамай, көптеген заң бұзушылықтардың орын алғанын мәлімдеген. Мадуроның өзі парламентте емес, өзін қолдаған Жоғарғы сотта ант берді. Онда парламент депутаттарының дені – оппозиция жақтастары.

22 қаңтарда АҚШ вице-президенті Майк Пенс Мадуроны "диктатор" деп атап, испан тілінде венесуэльдықтарға мәлімдеме жасады: "Демократия орнамайынша, сөз бостандығы қалпына келмейінше, біз сіздермен бірге боламыз".

Мадуро мен оның жақтастары болса, оппозиция лидерлерін "террористер" деп атап, өзін жақтайтын халықты да көшеге шығаруға уәде етті