Украина мен Ресей достығы туралы құжаттың бүгіннен, 1 сәуірден бастап күші жойылды. Құжат мерзімі 31 наурызда өткен. Украинаның жоғарғы радасы 2018 жылы 6 желтоқсанда құжат мерзімін ұзартпау туралы шешім қабылдаған.

"Украина мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және әріптестік жөніндегі келісімді тоқтату туралы" заң былтыр желтоқсанда мақұлданған.

Сол кезде Кремль Украинаның бұл шешімін "ақылға қонымсыз" деп бағалаған. Мәскеу "Киевтің келісімнен шығуы Ресей-Украина қатынасы үшін ғана емес, Украинаның ұлттық мүддесіне де үлкен зардабын тигізеді" деп санайды.

Украина мен Ресей арасындағы достық және ынтымақтастық жөніндегі келісімге 1997 жылдың 31 мамырында сол кездегі екі ел президенті Леонид Кучма мен Борис Ельцин қол қойған. Келісім он жылға (одан әрі өздігінен ұзара береді) арналған.

Келісім 1999 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енген. Келісімде тараптардың бір-бірінің "аумақтық тұтастығын құрметтеп, екі ел арасындағы мызғымас шекараны мойындайтыны" айтылған. Құжатта сонымен бірге екі елдің өзара қарым-қатынасын "өзара теңдік, шекараның беріктігі, дау-жанжалды бейбіт реттеу және күш қолданбау принциптері" негізінде құратыны көрсетілген.