Түркістан қаласына ағымдағы жылдың үш айында 300 мыңға жуық зияратшы мен турист келген. Оның ішінде бес мыңға жуығы шетел азаматтары. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан қаласының әкімі Тәжібек Мұсаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Киелі шаһар әкімінің сөзінше, туризм саласында 1 млрд 689,3 млн теңге табыс түсіп, қала экономикасының ұлғаюына үлесін қосқан. Ал, өткен жылы қасиетті қалаға 1 млн-ға тарта турист келді. Қазіргі таңда қала халқының саны 263 мыңнан асады. Тәжібек Мұсаев бұдан өзге жыл басынан бері шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 13 405 субъект тiркелгенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда нақты жұмыс iстеп тұрған белсендi кәсіпкерлік нысандарының саны 13 мыңнан асса, жұмыспен қамтылған адамдар 34 мыңды құрап отыр. Ал, аталған саладағы өнiм көлемi 19648,9 млн теңгеге жеткен. Қаладағы өнiм көлемi 2,6 пайызға артып отыр», - деді Тәжібек Қалманұлы.