Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

"Құрметті қазақстандықтар!

Баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Бәрімізді қуаныш пен сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін бұл мереке – бейбітшілік пен жақсылықтың нышаны.

Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар.

Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды.

Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы.

Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі.

Бүгінде Наурыз – ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам. Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу.

«Бірлік бар жерде, тірлік бар» дейді халық даналығы. Әз-Наурыз әр отбасына бақ-береке әкелсін!", - делінген хабарламада.