Бүгін «Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды штабында жиын өтті. Онда президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат,

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтың штабы 11 мамырдан жұмыс істей бастады. Республикалық қоғамдық штабтан бөлек, 17 аймақта 17 өңірлік штаб құрылған.

Штабта сайлауалды бағдарламасымен таныстырған Төлеутай Рақымбеков оның негізгі бағыттарына тоқталды. Бағдарламада негізгі мәселе агроөндірістік кешенді қарқынды дамытуға арналып, экономиканың өзге де бағыттарының өсуіне назар аударылады. Сонымен қатар, сайлау бағдарламасында әлеуметтік саясат мәселесі де қамтылып отыр. Бағдарламаның үшінші бөлімі - ел дамуының сенімді негізі саналатын дәстүрлі және рухани құндылықтарды сақтауға арналса, төртінші бөлімі жастар саясатына бағытталған.

«Ауыл жастары арасындағы жұмыссыздықты ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету және ауыл үшін нақты өзекті дағдыларға оқыту арқылы жеңуді, сондай-ақ ауыл жастары үшін арнайы жұмыс орындарының банкін құруды, ауыл жастарын әлеуметтік тұрғын үй құрылысының ауқымын ұлғайту жолымен тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұсынамын. Ауыл жастары қалаға кетпеуі үшін бар жағдай жасалуы тиіс», - дейді кандидат Т.Рақымбеков.

Штабта өткен жиын барысында «Ауыл» партиясының жаңа мүшелері де таныстырылды.