Тәжікстанда тағы да ұн қымбаттады. Қазір Душанбе базарында 1 қап (50 келі) ұнның бағасы сортына байланысты 160-180 сомониден ($17-19) сатылып жатыр. Қыркүйек айында бірінші сортты ұн 148 сомони тұрған.

Душанбе тұрғыны Саттор Халлоков бірер күн бұрын екі қап ұнды 175 сомонидан сатып алғанын айтады. "Екі қап ұн бір айға ғана жетеді. Бұрын бір қабын 145-150 сомонидан сатып алған едім. Қазір көбі нанды үйінде пісіреді. Себебі дүкендерде нан бағасы екі есе қымбат", - дейді ол.

"Мехргон" базарының ұн сатушысы Хайриддин Гафуров Қазақстаннан шығатын жоғары сортты ұнның бір қабы 180 сомони дейді. Оның сөзінше, Қазақстан бидайды қымбат бағаға экспорттай бастаған. Сол себепті ұн бағасы да көтерілген.

Ал бұл күндері Қазақстанда жиналған астықты шикідей экспорттаудан бас тарту мәселесін қарастырып жатыр. Қазақстандық БАҚ бірер күн бұрын Қарағанды облысы ұн шығарушылардың қауымдастығы басшысының "Қазақстанда ұн шығаруды төрт есеге көбейтуге мүмкіндік бар. Елдегі барлық астықты өзіміз өндіре аламыз" деген сөздерін жариялаған.

Тәжікстан билігі болса, елде ұн сұранысын отандық өніммен толық қамтамасыз ете аламыз деп отыр.

Тәжікстанда үй шаруашылығында негізінен ұнды көп қолданады.