Талдықорғанда екі күнде менингококк жұқтырды деген күдікпен үш адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 9 жастағы бала бар, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Алматы облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдымановқа сілтеме жасап.

17 маусымда 18 және 28 жастағы ер адамдар, ал 18 маусымда 9 жастағы бала ауруханаға түскен.

"Олардың бір-бірімен байланысы жоқ, бірақ олардың барлығы ораза ұстаған. Үшеуі де жұма күні мешітте намазда болған, 9 жастағы бала да. Бала облыстық балалар ауруханасындағы жансақтау бөліміне жатқызылды. Ол да ораза ұстаған. Үшеуі де менингококк инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін", - деп хабарлады Ерғали Сыдыманов.

Дәрігерлер науқастардың жағдайын орташа деп бағалап отыр. Қазіргі уақытта барлығы ем алып жатыр.

"Зертхана қорытындыларын әлі алған жоқпыз. Бұл алдын ала қойылған диагноз", - деді Алматы облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері.