Елімізде 1 сәуірден бастап такси жүргізушілері жолаушыларға түбіртек беруге міндеттеліп отыр, деп хабарлайды ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінің порталы.

Атап айтқанда, «Салық төлеушілер Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы» қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №206 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Өзгерістер 1 сәуірден, яғни бүгіннен бастап күшіне енеді.

Cалық төлеушілер өз қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерінің тізімі 323-ке жетіп отыр. Такси жүргізушілерімен бірге түбіртек беруге шаштараз және сұлулық салонының қызметкерлері, ломбардтар мен қонақүйлер, құмар және бәс тігу ойындарын ұйымдастырушылар, сондай-ақ сылақ жұмыстарын орындаушылар, аудио және бейнетехникалардың, тұрмыстық электр аспаптарының бөлшек саудасымен айналысушылар міндеттелген. Түбіртек беруге міндеттеліп отырған қызмет түрлерінің толық тізімін мына жерден көруге болады.