Байқоңырдан ұшырылған соң апатқа ұшыраған "Союз МС-10" ғарыш кемесінің экипажы Жерге қонды деп хабарлады Ресейдің Роскосмос корпорациясы. Экипаж мүшелері тірі, байланысқа шықты.

Роскосмос ақпаратына қарағанда, "Союз МС-10" кемесі ғарыш ұшу кезінде "штаттан тыс жағдай" туындап, апаттан құтқару жүйесі іске қосылған.

[plugin:youtube](

)

Қазір экипаж капсуласы қонған аймаққа құтқарушылар аттанған. Экипаж қонған аймаққа Роскосмостың бас директоры Дмитрий Рогозин де ұшып кеткен.

Ресейлік ТАСС және "Интерфакс" агенттіктерінің өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен NASA астронавты Ник Хейг Жерге апатты жағдайда қонғанда жараққаттанып қалған.

"Союз МС-10" ғарыш кемесі 11 қазан күні Астана уақытымен сағат 14:40-та "Союз-ФГ" зымыран тасығышымен Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылған.

Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, ғарыш кемесі ұшырылған соң зымыран тасығыштың қозғалтқышынан ақау шығып, экипаж отырған капсула одан ажырап, "баллистикалық төмен бағыт алу режимімен" Жерге бет алған.