Шри-Ланкада шіркеулер мен қонақ үйлердегі жарылыстан соң хайуанаттар паркінде де бомба жарылды.

Жергілікті полиция дерегінше, барлық жарылыстан 200-ден астам адам қаза тапқан, 450-ден астам адам зардап шеккен.

Шри-Ланка президентінің баспасөз қызметі ел аумағында 12 сағатқа коменданттық сағат енгізілгенін хабарлады.

Сәуірдің 21-і күні Шри-Ланкада үш шіркеу және үш қонақ үйде жарылыс болып, жүзден астам адам қаза тапқан. Indian Express қаза тапқандар арасында 30-дан астам шетел азаматы болғанын хабарлады. Әзірге бірде-бір ұйым оқиғаны мойнына алған жоқ.

Алдын ала мәлімет бойынша, Шри-Ланкадағы жарылыстан қаза тапқан және жараланған азаматтар арасында қазақстандықтар жоқ деп хабарлады Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Шри-Ланкадағы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан СІМ таратқан хабарламада "Қазақстан терроризмнің кез келген көрінісіне қарсы ымырасыз күресті өзінің толық қолдайтынын растай отырып, терроризмге қарсы кең ауқымды халықаралық коалиция құру арқылы осы бағыттағы халықаралық әрекеттерді үйлестіруді барынша нығайтуға шақырады. Адамгершіліктен жат бұл қасіреттердің ұйымдастырушылары мен насихатшылары анықталып, қатты жазаға тартылу қажет" деп жазылған.