Шымкенттік зейнеткер әйел баланы ер адамнан қалай аман алып қалғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Жантүршігерлік видео таяуда әлеуметтік желілерде таралып кеткен еді.

Видео кадрларынан ер адамның баланы үйдің кіреберісінде кіргізіп, баспалдақ алаңында тұрғанын көруге болады. Сондай-ақ, сыртқы бейнебақылау камерасына жазылған видео тарап жатыр. Онда бір әйелдің үйге кіргенін, артынша ер адамның қашып шыққанын көруге болады. Әйел болса ер адамның артынан қуады. Видео ар-ұят құндылықтарына байланысты жарияланбайды.

11 жастағы баланы зорлықшыдан құтқарған әйелді енді бұл аула тұрғындары нағыз батыр әже деп атайды. Оның айтуынша, оқиға 1 шілдеде таңғы 11-де болған. Ол осы уақытта көрші үйде тұратын әйелмен бірге орындықта отырған. Лас киім киген ер адамды олар бірден байқапты, көршілердің біріне келді деп ойлапты.

"Бес минут та өткен жоқ, баланы өлтіріп жатқандай дауыс шықты. Қатты қорықтық. Не болып жатқанын көрейін дедім. Темір есік қой, аша алмадым", - дейді зейнеткер.

Әйел баланың даусы дәл есіктің түбінен шыққанын айтады. Бар күшімен есікті ұрғылай бастапты.

"Ашыңдар!" деп айғайладым. Екі минуттан кейін есікті бала ашты. Ер адамды итеріп жіберіп, не істеп жатырсыз деп айғайладым. Айқасуға дайын болдым. Екі жыл бұрын ғана жүрегіме ота жасатқанмын. Кеудемнен ұрса, осы жерде жан тәсілім етермін деп ойладым", - дейді ол.

Күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Оны зейнеткер әйел полиция бөлімшесінде екінші рет көрген. Мұнда оны полицейлер куәлік алу үшін шақыртқан.

"Ол полицияда мені бірден танып, бет-жүзін жасырмақ болды. Кеше ғана полицияға бәрін айтамын дедім ғой деп ұрысып бердім. Екі қолың мен екі аяғың бар, жұмыс істемей, істеп жүргенің мынау. Мүгедектердің өзі жұмыс істеп, нанын тауып жеп жүр. Сөйтсем, ол әскерге де барып келіпті", - дейді зейнеткер.

Айта кетейік, 11 жастағы баланы дәрігерлер қараған. Қазіргі уақытта ол ата-анасымен үйінде. Оқиғаның өзге мән-жайы айтылмайды. Тек күдіктінің ұсталғаны белгілі.