Бас прокуратура «РБК Банк» АҚ директор кеңесі төрағасының бұрынғы кеңесшісі Жомарт Ертаевты Ресей Федерациясынан экстрадициялау бойынша шаралар қолданып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске салайық, ол 160 млн доллар банк қаржысын жымқырғаны үшін айыпталуда. ҚР Бас прокурасының 14 маусымдағы сауалы бойынша, Мәскеу қаласы Пресненск аудандық соты Ж.Ертаевқа қатысты «үй қамақта ұстау» бұлтартпау шарасын 2018 жылдың 8 қарашасына дейін созды.

Сондай-ақ, ҚР Бас прокуратурасының өтініші бойынша РФ ІІМ Мәскеу қаласы бойынша бас басқармасының 2018 жылғы 6 маусымдағы шешімімен Ертаевқа 2017 жылдың қарашасында берілген Ресей Федерациясындағы ықтияр хаты өз күшін жойды.

Бас прокуратура ресейлік әріптестерімен өзара әрекеттесе отырып, Ертаевты Қазақстанға экстрадициялау бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.