«Гүлжан.орг» сайты «Арқанкергендегі» қайғылы оқиғаға байланысты жаңа версия ұсынды. Сайттың жазуынша, тергеу органдары «Владислав Челах – терминатор» дегенге саятын қазіргі версияны шекарашыларды өлтірген нағыз қылмыскерлерді үркітіп алмау үшін айтып отыр. Шекарашы В.Челах та осы себепке байланысты қылмысты уақытша өз мойнына алыпты. Тіпті, қазір осы қылмысқа қатысы бар деген күдік бойынша арнаулы қызметтің генерал шеніндегі жоғарғы лауазымды бір шенунігін қамауға алу жөнінде ордер беріліпті.

«Гүлжан.орг» сайтының жазуынша, «Арқанкергендегі» қайғылы оқиғаны зерттеп жатқан ресми тергеу тобымен қатарласып аса құпия жағдайда тағы бір тергеу тобы жұмыс істеген. «По информации, которая поступила к нам сегодня утром, следствие (неофициальное) вышло на след некой группировки, действующей под прикрытием влиятельного генерала в силовых органах, который имеет родственные связи с главой государства и, ко всему прочему, обвинялся некоторыми независимыми СМИ в лояльности к радикальным религиозным группировкам. На днях этот фигурант, по нашим данным, видимо, узнав, что на него объявлена охота, собрался покинуть пределы Казахстана, но в его отношении уже были выставлены «красные флажки» и выписан ордер на арест» деп жазады сайт.

Әрине, сайт таратып отырған ақпаратты қаперге алуға да, алмауға да болады. Себебі, аты аталып, түсі түстелмеген генерал мен «радикал діни топқа» «Гүлжан.орг» сайты және оның қожайыны Гүлжан Ерғалиева көптен бері шүйлігіп, тісін қайрап жүр. Мұны осыған дейін сайтта жарияланған мақалаларға талдау жасай отырып байқау қиын емес. Дегенмен, «Арқанкергендегі» шекарашыларды қырып салғанын мойындаған Владислав Челахтың өзін сенімді ұстауы, қанды қырғынды теледидардан көрген киносындай қиналмай әңгімелеп жүруі күмән туғызады. Оның атасы Владимир Челахтың да бойында бір үміт барын біз бұған дейін жазғанбыз. Ол журналистерге берген сұхбатында абақтыда отырған немересіне ешқандай қысым көрсетілмегенін, немересінің құқығын қорғау үшін мемлекет тарапынан тағайындала салған адвокатқа сенетінін айтқан болатын. Тіпті, ол немересіне қатысты қылмыстық іс сотқа жетпейді деп ойлайды. Яғни, ол тергеу орындарының жасап жатқан жұмысына қанағаттанып отыр. Оның сөзінің астарынан үңілсек, нағыз қылмыскерлер табылып, Владислав Челах ақталып кететіндей көрінеді. Осы жайттарды ескерсек, «Гүлжан.орг» сайты айтып отырған сөздің жаны бар. Дегенмен, мұның бәрі болжам ғана. Әзірге, бұл версияны қуаттайтын дәлелді факті жоқ. Тергеу орындары жариялаған материалдар қылмысты Владислав Челахтың жасағанын көрсетіп тұр.