Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент сенатының алты депутатының өкілетін тоқтатып, орнына жаңа алты депутатты тағайындады. Президент Қазақстанды 30 жылдай билеп, биыл президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, сенат спикері Дариға Назарбаева мен сенаттағы комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммедті қайта тағайындады.

Бүгін, 12 тамыз күні Ақорда таратқан хабарламада "Мемлекет басшысы қаулы етіп, Нұртөре Жүсіп пен Асқар Шәкіров Қазақстан парламенті сенатының депутаты болды" деп жазылған. Кейіннен Ақорда тағы алты адамның сенат депутаты болып тағайындалғанын хабарлады. Олардың ішінде Мұхтар Құл-Мұхаммед, Андрей Лукин, Дариға Назарбаева, Ләззат Сүлеймен, Дана Нұржігітова, Қанатбек Сафинов бар.

Дариға Назарбаева - 2016 жылдан бері сенат депутаты. Назарбаев президенттіктен кеткен соң Тоқаевтың орнына сенат спикері болып сайланып, мемлекет жүйесіндегі үшінші адамға айналған. Назарбаеваның сенат спикері болып сайлануы Қазақстанның бірнеше қаласындағы наразылыққа түркті болды. Билік рұқсат етпеген митингілерде азаматтар "Дариға - менің спикерім емес!" деп айқайлаған.

Мұхтар Құл-Мұхаммед биыл наурызға дейін биліктегі "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген. Назарбаев президенттіктен кеткен соң болған ауыс-түйіс кезінде, 28 наурызда сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы қызметіне сайланған.

Асқар Шәкіров бұған дейін, 2007 жылдан бері Қазақстан адам құқықтары жөніндегі уәкілі болған. 1992 жылдан бері Қазақстанның сыртқы істер министрлігінде түрлі лауазымды қызметтер атқарған.

Нұртөре Жүсіп "Нұр Отан" партиясы иелік ететін "Айқын" газетінде 2008 жылдан бері бас редактор болды.

Андрей Лукин сенат депутаты атанғанға дейін бас прокурордың орынбасары болған. Бұл қызметке Лукин 2017 жылдың тамызында тағайындалып, биыл сәуірге дейін атқарған.

Ләззат Сүлеймен Қазақстан орталық сайлау комиссиясының мүшесі болған.

Дана Нұржігітова - мемлекеттік Qazaqstan арнасының журналисі.

Қанатбек Сафинов 2009 жылы маусымда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы болып тағайындалған. Биыл сәуірде басқа қызметке ауысуына байланысты қызметтен босатылған.

Бұған дейін Бірғаным Әйтімова мен Асқар Бейсенбаевтың сенат депутаты ретінде өкілеті тоқтағаны хабарланған. Әйтімова мен Бейсенбаевтың мандатын алу туралы қаулы да бүгін, 12 тамызда шықты. 2016 жылдың қыркүйегінен бері сенатқа мүше Әйтімованың депутаттықтан неге алынғаны әзірге белгісіз. Бүгін таңертең Бейсенбаевтың Ермұхамбет Ертісбаевтың орнына Қазақстанның Беларусь елшісі болып тағайындалғаны хабарланған.

Олардан бөлек, тағы төрт сенат депутатының - Сергей Громов, Георгий Ким, Дулат Қосдәулетов пен Рашид Түсіпбековтің өкілеті тоқтады.

Сенатта 47 депутат бар. Оның 15-ін президент тағайындайды. Ал қалған 32-сін облыстық және Алматы мен Астана қалаларының мәслихат депутаттары сайлайды. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл.​