Петропавлдағы аялдамада автобус өртенді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат.

Төтенше оқиға «Черемушки» шағын ауданында болды. Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, 12 жолаушы автобустан өздері шыққан. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

«Өрт сөндірушілер келген уақытта - 10:35-те автокөлік құралын түгел жалын шарпыған еді. Өрт 10:40-та ауыздықталып, 10:42-де толығымен сөндірілді. Өртенген жалпы аумақ 10 шаршы метрді құрады. Автобус түгел жанып кетті. Өртке электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін», - деп атап өтті баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, 9 мамыр күні де Петропавлда электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шағын автобус өртеніп кеткен болатын. СҚО ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы күні «4А» бағыты бойынша жүретін автобустан да өрт шыққан. Ол кезде де электр сымдарының қысқа тұйықталуы өртке себеп болған еді.