20 наурызда Қазақстан парламенті Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдады.

Мәжілістегі 103 депутат, сенаттағы 43 депутаттың барлығы бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин "бұл - тарихи шешім" деді.

Депутаттар қала атауын референдумсіз өзгертуді ұсынды. Ал конституциялық кеңес бұл ұсынысты оң бағалады.

20 наурызда парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант беріп, президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына елдің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды.

Депутаттар Тоқаев ұсынысын "тарихи қадам" деген бағалады. Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова астана атауын өзгертуді "тарихи қадам" деп атаса, тағы бір депутат Бекболат Тілеухан бұл ұсынысты "тарихи, әділ шешім" қабылдауға себеп болады деп санайды.​

2016 жылы қарашада мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов конституцияда Назарбаевтың "мемлекет құрудағы ерекше үлесін" көрсетуді және Астананы Назарбаевтың атымен атауды ұсынған. Ол кезде мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова астананы "Елбасы" атауды, сенат депутаты Михаил Бортник қаланы "Астана-Елбасы" деп атауды ұсынған. Назарбаевтың өзі ол кезде депутаттардың ұсынысына алғыс білдіріп, Астананың атын өзгертуді қабылдамаған. Назарбаев өзіне өзгелердің президенттің "мемлекет құрудағы еңбегін" елеп жатқаны "жағатынын" айтқан.

2017 жылы наурызда депутаттар Астананың атауын Қазақстанның тұңғыш президентінің атымен атауды тағы көтерген. Бірақ бұл ұсыныс қабылданбаған.