Жексенбі, сәуірдің 28-і күні орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауына қатысуға ниет білдірген Жұматай Әлиевтің құжат тапсырғанын хабарлады. Оны "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі ұсынған.

Ашық дереккөздеріндегі мәліметке сәйкес, Жұматай Әлиев 1952 жылы Жамбыл облысында туған. Ленинград мемдекеттік университетінің философия факультетін бітірген. Алматы халық шаруашылығы институтында да жоғары білім алған.

Ұзақ жылдар бойы университетте сабақ берген. 1997-2001 жылдары Орталық Азия университетін басқарған. 2012-2016 жылдары аралығында парламент мәжілісінің депутаты болған. 2013 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу мақсатында жасанды түсік жасатуға тыйым салу туралы бастама көтерген.

Қазақстанда президенттікке үміткерлерді ұсыну кезеңі 28 сәуірде кешкі сағат 18:00-де аяқталады.

Бұдан кейін кандидаттарды тіркеу 11 мамырға дейін жалғасады. Елде кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді.

Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттардың тізімі:

Сәдібек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы (тіл емтиханынан өтті);

Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы (тіл емтиханынан өтті);

Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы (тіл емтиханынан өтті);

Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы (тіл емтиханын тапсырды);

Төлеутай Рақымбеков - "Ауыл" партиясы (тіл емтиханынан өтті);

Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы (тіл емтиханынан өтті);

Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы (ОСК-ға құжаттарын өткізді).

Талғат Ерғалиев - "Қазақстанның құрылысшылар одағы" республикалық бірлестігі (ОСК-ға құжаттарын өткізді);

Жұматай Әлиев - "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігі (ОСК-ға құжаттарын өткізді).