Нью-Йоркте ұсталған қазақстандық қыз бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ведомство өкілдері қыздың Қазақстан азаматы екенін айтты. Оған алаяқтық дерегі бойынша айып тағылған.

"Адвокат пен консулдың қолғабыс ету әрекетінен тергеу аяқталғанға дейін ол бостандықта болады", - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Оның ісі бойынша негізгі сот тыңдауы наурызда өтеді.

Таяуда Нью-Йорк полицейлерінің қазақстандық 24 жастағы Махаббат Әбдуалиеваны ұстағаны белгілі болды.

Жергілікті CBS NewYork телеарнасының мәліметінше, 24 қаңтарда полицейлер алаяқтық жасады деген күдікпен 24 жастағы Махаббат Әбдуалиеваны ұстаған. Қазақстандық қыздың адамдарға өзін жылжымайтын мүлік жөніндегі агент ретінде таныстырып, 2018 жылдың сәуір-шілде айлары аралығында бірнеше адамды тонағаны айтылады. Ол Facebook желісінде пәтерлер жайлы хабарламалар жариялап, өзін риелтормін деп алдап жүрген.

Басылымның мәліметінше, тағы бір ер адам мүлікті жалға беріп, алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Бірақ ол әлі бостандықта.

USA.one мәліметінше, мұндай алаяқтық жағдайы бірінші рет 2018 жылдың 30 сәуірінде болған. Алаяқ қыздың жалдамалы пәтер жайлы жарияланған хабарламасын көрген 22 жастағы қыз оған хабарласқан. Ол өзін риелтор таныстырған адамға кепіл ретінде 500 доллар қалдырып кеткен. Сол күні "мүлік жөніндегі агент" ол пәтерді басқа бір әйелге жалға беріп жіберіп, одан тағы 200 доллар алған.

Бірнеше айдан кейін осындай жағдай Мидвудте қайталанған. Онда 25 жастағы қыз алаяққа кепіл ретінде 700 доллар қалдырған.

Кейінірек әлеуметтік желілерде қыздың паспорты түсірілген суреттер таралды. Онда Махаббат Әбдуалиеваның Қазақстан азаматшасы екені көрсетілген.