Нью-Йоркте тұратын қазақ полицей Димаш Ниязов Атырауда қызды құтқарам деп Жайық өзеніне батып кеткен тәртіп сақшысы Шалқар Ақымғалиевке деген құрметін білдіру үшін төсбелгісіне қаралы лента тақты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Димаш Ниязовтың Инстаграмына сілтеме жасап.

«Бұл оқиға туралы көп адам маған хат жазып, пікірімді сұрады. Кейбіреулер «суға секірмес бұрын ойлануы керек еді» деп жатыр. Менің айтарым біреу ғана: Шалқар - нағыз батыр. Ол полицияда лайықты азаматтар еңбек етіп жүргенін дәлелдеді. Қазақстанның ішкі істер министрлігіне осындай батырды тәрбиелеп шығарғаны үшін мың алғыс. Біз, Нью-Йорк полициясындағылар марқұмның отбасына, достары мен қызметтестеріне қайғырып, көңіл айтамыз. Патруль дәстүрі бойынша біз қаза тапқан офицерге деген құрметімізді білдіру үшін оны жерлегенге дейін қаралы лента тағып жүруіміз керек. Шалқар Қазақстанда көз жұмса да, мен оның ерлігіне бас иіп, марқұмның туған күніне дейін төсбелгіме қаралы лента тағып жүрем деп шештім. Бұл жаңалық бізді есеңгіретіп кетті, сондықтан мен оның мемориалы үшін GoFundMe.сом сайтында қаражат жинауды бастадым», - деп жазады АҚШ-тық полицей.

Еске сала кетейік, қайғылы жағдай 21 наурыз күні кешкісін Атыраудағы қалалық көпірдің маңында болған. Оқиға орнына бірінші болып жеткен патруль полициясының сержанты Шалқар Ақымғалиев ойланбастан мұздай суға сүңгіп, өзіне қол жұмсауға бекінген қызды құтқарып қалды. Алайда, өзі суға кетті. Ержүрек Шалқар 1 сәуір күні 25 жасқа толатын еді.