Бүгін Алматының Медеу аудандық сотында Әсет Нұржаубай соңғы сөзін оқыды. "Алаяқтық жасады", "Мұхтар Әбілязовке болысты" және тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы қызметіне қатысты деп айыпталған белсенді өз ісіне өкінді.

  • Менің әрекеттерімнің барлығы ақымақтықтан болды, Әбілязовтың арзан уәделеріне сеніп қалдым. Осында отырғанда мен ешқандай бағдарлама мен стратегияның жоқтығын түсіндім. Мұның барлығы өтірік, ал ең басты өтірікші - Әбілязов. Ол тек өтірікші емес, ол – ұрлықшы, - деді Әсет Нұржаубай.
  • Оның сөзінше, Әбілязовтан көмек сұрағанымен, ешқандай жауап болмаған.

  • Ол бізді алдап келеді, Қазақстанда саяси қуғын жоқ. Әркім өзінің ісіне қарай жазасын алып жатыр. Менің құқық қорғау қызметкерлеріне де шағымым жоқ. Барлық қазақстандықтарға Әбілязовтың жалған уәделеріне сенбеңдер дегім келеді. Ол Қазақстанның ақшасын ұрлап, шет елге қашып кетті, енді еуропалық қауымдастық алдында өзін ақтап алғысы келеді. Мен өз ісіме өкінемін, соттың мені қатал жазаламауын сұраймын және түзелемін деп уәде беремін, - деді Әсет Нұржаубай.

Бұған дейін прокурор Жәнібек Мамытов айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін айтып, соттан Нұржаубайды алты жылға соттауды сұраған.

Сот "алаяқтық жасады", "Мұхтар Әбілязовке болысты" және "тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы қызметіне қатысты" деп айыпталған белсендіні төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оны "істеген ісіне өкінуіне" байланысты төрт жыл шартты мерзімге ауыстыруға үкім кесті.

Сотта сөйлеген Нұржаубайдың адвокаты Камила Толыбаева оған тағылған "алаяқтық жасау" айыбы дәлелденбегенін айтып, сот үкімімен ішінара келіспейтінін мәлімдеді. Адвокат үкімге шағымдану жайын Нұржаубайдың өзімен кеңесіп шешетінін айтты.