"Нұр Отан" партиясы лидері Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенті сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде ұсынды. Елді отыз жылға жуық басқарған Назарбаев өткен айда президенттік өкілетін тоқтатқаннан кейін орнына Тоқаевты қалдырған.

Сәуірдің 23-і күні Нұр-Сұлтан қаласында биліктегі "Нұр Отан" партиясының 19-съезі ашылған соң алғашқы болып сөз алған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде ұзақ жылдан бергі серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.

Қазақстанды совет заманынан бері отыз жылға жуық басқарған Назарбаев наурыздың 19-ы күні Қазақстан президенті өкілетін тоқтатқан. Бүгін съездегі сөзінде Назарбаев "Қазақстанның жарқын болашағы үшін" биліктен кету туралы шешім қабылдау "оңай болмағанын" айтты. Ол өзі билікте болған кезде Қазақстанның "өткерген қиындықтары мен жетістіктерін" де сөз етті.

"Елбасы мен ел бірге болғанда ғана мемлекет табысқа жетеді" деді Назарбаев.

"Менің саясатымды қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайтынын білемін. Бұл маған сенім ұялатады. Адамдарға тұрақтылық керек. Қазақстан президентімен бірлесіп елді күшейту жолында жұмыс істеймін" деді экс-президент.

Бұдан соң Назарбаев маусымның 9-сына белгіленген кезектен тыс президент сайлауына билік партиясынан кандидат ретінде партия съезінде өзімен қатар отырған Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Ол Тоқаевты "тәжірибелі саясаткер" деп атады.

"Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан президенті қызметіне ұсыну туралы мәселені съездің қарауына қоямын. Көп жыл бірге жұмыс істеп білетіндіктен, ол еліміздегі осы қызметке лайық деп санаймын" деді Назарбаев.