Лингвистикалық комиссияның отырысы өтіп, президенттіктен үміткер Сәдібек Түгелдің мемлекеттік тілді қаншалықты білетіні тексерілді.

Сынақ ережеге сай үш кезеңмен өтті.

Бірінші кезеңде «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы – тарихы мен бүгіні» тақырыбына шығарма жазып, екінші кезеңде Әбіш Кекілбаевтың «Дала балладалары» жинағынан үзінді оқыған Сәдібек Түгел, лингвистикалық экзаменнің үшінші кезеңінде «Бабалар сөзі – даналық көзі» тақырыбына 15 минут сөйледі.

Нәтижесінде комиссия бірауыздан «Сәдібек Түгел қазақ тілін еркін меңгерген» деген шешім қабылдады. Комиссия жұмысы ашық және жариялы түрде жүзеге асырылды деп жазады ОСК баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 22 сәуірде Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде Сәдібек Түгел құжаттарын бірінші болып тапсырып, Орталық сайлау комиссиясына тіркелген болатын.

Ол саяси додаға «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігінен кандидат ретінде ұсынылды.

24.kz