Алаяқтық қылмысы үшін күдікті Владимир Чаплинский Чехиядан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

«Қазақстанның Бас прокуратурасы және ІІМ қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Чехиядан Владимир Чаплинскийді экстрадициялады. Анықталған тұлғаны беру туралы Қазақстан Бас прокуратурасының тиісті сұраун Чехияның Әділет министрлігі қанағаттандырды», - делінген таратылған хабарламада.

Атап өтілгендей, Чаплинский 2007 жылы «Агат-7» ЖШС-нің директоры лауазымында болған кезінде, мемлекеттік мекемемен Балқаш қаласында мектеп салуға шарт жасасқан. Өзінің қызметін асыра пайдаланып, жұмыс актілеріне жалған мәліметтерді енгізіп отырған. Оған 39 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдік тағылды.

«Чаплинский қылмыс жасағаннан кейін қылмыстық тергеу органдарынан жасырынып жүргендіктен, халықаралық іздеуде болды. Бас прокуратура оның елге берілу жұмыстарын 2011 жылдан бері жүргізіп келді», - деді ведомстводан.

Қазіргі уақытта В.Чаплинский Астана қаласының тергеу изоляторында.