ҚР Ішкі істер министрлігі өңірлердегі оқушылар бұзақылығына алаңдап, үкімет жанындағы Жасөспірімдер ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын шұғыл шақыруға бастамашылық жасады.

«Еліміздің қылмыстық заңнамасына сәйкес, ауырлық тудыратын жағдайда жасалған бұзақылық үшін 14 жасқа толған тұлға қылмыстық жауапкершілікке (ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-інші және 3-тармағы) тартылады. Жасөспірімдер топтасып өздерінің құрдастарына қатысты құқыққа қайшы әрекет жасаған кезде дәл осы бап бойынша қылмыстық өндіріс ашылады. Осыған байланысты ата-аналарды, оқу орындарының ұстаздарын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында балаларға қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жеткендігі туралы алдын ала ескертіп, ойланбай істелген әрекеттің соңы неге әкеп соғатын айтуға шақырамыз», - деді ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев.

Оның атап өтуінше, мектеп жылдарында аңдамай жасалған әрекеттің соңы жасөспірімнің бүкіл өміріне таңба түсіруі мүмкін.

«Ішкі істер министрлігі Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында орын алған жағдайларды талқылау және ұйымдастыру-тәжірибелік шараларды әзірлеу үшін Білім және ғылым министрлігіне ҚР Үкіметі жанындағы Жасөспірімдер ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысын шұғыл шақыру туралы ұсыныс енгізді», - деді департамент басшысы.

ҚазАқпарат