Киев прокуратурасы доктор Кеннет Әлібекке мемлекеттік іздеу жариялады. Бұл туралы Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берілген жауапта хабарланды.

"Украина ҰПББ Тергеу басқармасының өндірісінде "БТА Банк" АҚ-ның (Қазақстан Республикасы) арызы бойынша қылмыстық өндіріс жатыр, онда мүлікті М.Қ.Әбілязов және өзге тұлғалардың ұрлағаны туралы айтылған - қаржы, құнды қағаздар мен банктің кепілдігіндегі мүлік", - деп хабарлады прокуратурадағылар.

Прокуратураның мәліметінше, Кеннет Әлібекке 2018 жылы 13 ақпанда Украина ҚК-нің бірнеше бабы бойынша күдікке ілінгені туралы сырттай хабарланған. Ол баптарда көрсетілген қылмыстардың жазасы - мүлкін тәркілеп, үш жылға дейін белгілі бір қызметті немесе белгілі бір лауазымды иелену құқығынан айыру және сегіз жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру.

"Қазіргі таңда Кеннет Әлібектің қайда екені белгісіз болғандықтан мемлекеттік іздеу жарияланды. Бүгінгі таңда күдіктілердің қайда екені анықталғанша қылмыстық өндірістің сотқа дейінгі тергеуі тоқтатылды", - делінген Киев прокуратурасының жауабында.

Бұған дейін жарияланған БАҚ мәліметтері бойынша, қылмыс Борисполь қаласындағы (Киев облысы) қайта қалпына келтірілген "Макс-Велл" фармзауытын кредиттеу кезінде жасалған. Кеннет Әлібектің күдікке ілінуіне оның сол кезде фармзауыттың құрылтайшысы және басшысы болғаны негіз болды. БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов фармзауытты ұрланған қаржыны заңдастыру үшін пайдаланған. Бұл әрекеттер 2006-2010 жылдар аралығында жүзеге асырылған.