Маңғыстау облысының әкімдігі Қызылордада тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасына миллион теңгеден береді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтаудан Шымкентке бағыт алған тікұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан қаза болған майор Костыгов Роман Петровичтің отбасына көңіл айтқаны хабарланды. Шейіт болған 13 адамның 12-сі Ақтаудағы 30153 әскери бөлімінің қызметкерлері.

"Қайғылы оқиғада қаза тапқан Маңғыстаудағы 30153 әскери бөлімінде әскери міндетін атқарған əрбір отбасыға облыс әкімдігі атынан 1 миллион теңге көлемінде материалды көмек көрсетіледі. Отан алдындағы борышты өтеу кезінде қыршын кеткен жігіттердің қазасы орны толмас қайғыға душар етті. Егемендікті мәңгі баянды ету жолында шейіт болған жауынгерлердің туған-туыстарына Маңғыстау облысы тұрғындарының атынан және облыс әкімінің атынан қайғырып көңіл айтамын", - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында Қорғаныс министрлігінің тікұшағы құлағаны хабарланған еді.

"2019 жылдың 27 наурызында Қазақстан ҚК ӘҚК Әскери әуе күштерінің тікұшағы апатқа ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар бар. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің саны мен жағдайы анықталу үстінде. 4 тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке қарай бағыт алған еді. Ұшу түнгі уақытта метеорологиялық қиын жағдайда кешенді тексеріс және "Алтын жебе" арнайы бөлімшелерінің жаттығуы аясында іске асырылған", - делінген хабарламада.

Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылып, оқиға орнына аттанды. Кейін тікұшақ апаты болған жерде куәгерлер түсірген видео жарияланды.