Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің алғашқы некесінен туған ұлы Петр Мәскеудегі Тверск аудандық сотына шағымданып, жұмыс берушілерден жұмысшылар айлығын талап еткен.

Тверск аудандық соты Каримов деген азаматтың «Узбекистон хаво йуллари» әуе компаниясын сотқа бергенін растады.

"Бізде расында шағым берушілер арасында Каримов деген фамилия бар. Бірақ оның Өзбекстанның экс-президентінің ұлы ма, жоқ па, білмеймін. Оның шағымы бойынша сот отырысы 24 қазанда өтеді. Жауап беруші – "Узбекистон хаво йуллари", - деді Тверск аудандық сотының төраға орынбасары Анастасия Дзюрко.

Бірқатар БАҚ-тың жазуынша, Петр Каримов ұзақ жылдар бойы «Узбекистон хаво йуллари» ұлттық компаниясында басшылық қызметте істеген. Бірақ 2016 жылы әкесі қайтыс болғаннан соң, қызметінен алынған. Петр Каримовтің шағымы бойынша, компания жұмыстан шығарар алдында айлық төлемеген.

Бірақ «Узбекистон хаво йуллари» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Зумрад Шоджалилов жергілікті БАҚ-қа компанияның Петр Каримовпен толық есептескенін айтқан. Шағымданушыға да, осылай деп жауап берген.

Ислам Каримов тірі кезінде оның Петр атты ұлы жөнінде ашық айтылмайтын. Бірақ соңғы жылдары Уикипедияда Ислам Каримовтің бірінші рет өткен ғасырдың 60-жылдардың соңында үйленгенін, Наталья Кучмамен арадағы некеден ұлы бары жазылған. Петр Каримов Исламұлы 1969 жылы туған.

Қазір Петр Каримов Мәскеу облысында тұрады. Экономикалық білімі бар. Ол біраз уақыт «Азия-Инвест Банктің» басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған.