Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында қазақстандық Илья Ильин 5-орын алды. Ильин жарысқа 25 сәуірде шықты. Ол 96 келі салмақта сынға түсіп, қоссайыс нәтижесі бойынша 345 келі көтерді. Бұл салмақта алтынды Қытай спортшысы Тао Тиан (401 кг), күмісті Иран атлеті Сейедайоб Мусавижарахи (373 кг), қоланы оңтүстік кореялық Чжун Хун Хан (366 кг) иеленді.

Қытайдағы Азия біріншілігінде қазақстандық Арли Чонтей (55 кг) мен Денис Уланов (51 кг) қола алған. Ал Рио олимпиадасының чемпионы Нижат Рахимов жарысқа қатысудан бас тартқан. Әйелдер арасында Зүлфия Чиншанло 4-орын иеленген.

Нинбодағы Азия чемпионаты - Ильиннің допинг дауынан кейінгі алғашқы жарысы. Ол Пекин және Лондон олимпиадаларында допинг қолданды деп айыпталып, екі жылға спорттан шеттетілген. Спортшының жаза уақыты 2018 жылы жазда аяқталған. Ильин былтыр қарашада Ашғабатта өткен әлем чемпионатына, желтоқсанда Дохада өткен халықаралық турнирге қатысуы тиіс болған. Бірақ спортшы жарақатына байланысты екі жарысқа да қатыспады.