Павлодар облыстық ІІД басшысы полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров АҚШ бизнесменімен болған жанжалға қатысты пікір білдірді. "Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында бизнесмен Ли Александрдың бизнесін тартып алуға менің қатысым бар екені айтылып жатыр. Түсіндіре кетейін, мен Лиді мектеп жасынан танимын және отбасыларымыз жақын араласты. Шамамен 90-жылдары Лидің отбасы Америкаға көшті. 2012 жылдың басында Ли америкалық досы (2-суретте) Соколин Джеформен (Санкт-Петербург тумасы) Қазақстанға келді. Ли Соколинге Алматыда мейрамхана мен винотека ашуды, ал менің жұбайыма тең құрылтайшы болуды ұсынды", - деді Әубәкіров.

Оның айтуынша, ЖШС ашылғаннан бастап 2017 жылдың қарашасына дейін Александр Ли мейрамхананың басқарушысы және директоры болған. "Тең құрылтайшы Соколин ұйымдастырып, жүргізген аудит нәтижесінде Лидің тарапынан компанияға көптеген миллион шығынның келгені анықталды. Бұл дерек бойынша Соколин мен менің жұбайым құзырлы органдарға арызданды. Қазіргі таңда Лиге қатысты азаматтық сот процестерінің жүріп жатқаны белгілі. Олардың кейбірінде ол жеңіліп қалды", - деді ол.

"Жауапты түрде мәлімдеймін, бұл компанияға менің ешқандай қатысым да, ықпалым да жоқ. Сол жылдардың барлығында мен Астанада қызмет еттім, қазір Павлодар облысындамын. Интернет-ресурстардың және бұқаралық ақпарат құралдарының пікірталасына аралуға ниетті емеспін. Шындықты сот анықтайды", - деді Амантай Әубәкіров.

Бұған дейін генералдың әйелі Светлана Әубәкірова КТК телеарнасына берген сұхбатында оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан. Еске сала кетейік, 23 қыркүйекте YouTube желісінде "Генерал МВД РК ограбил американца" атауымен ролик жарияланған. Онда Павлодар облыстық ІІД басшысы генерал-майор Амантай Әубәкіров "АҚШ азаматына тиесілі компания мен мейрамхананы рейдерлік жолмен тартып алды" делінеді. Кейін Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің өкілдері АҚШ азаматының Павлодар облыстық ІІД басшысы Амантай Әубәкіровті рейдерлік жасады деп айыптауына қатысты пікір білдірген болатын. Светлана Әубәкірованың айтуынша, америкалық бизнесмен кәсіпті дамытуға ақша салмай, кейін жаңа мейрамхана ашуды шешкен.

"2017 жылға дейін біз табыс дегенді ұмыттық. Ли мырза әр нәрсені сылтауратып, кірістен гөрі шығыс көп деп айтып жүрді. Сосын ең басты құрылтайшымыз Америкадан ұшып келіп, бизнестің есеп-қисабын қарады. Жағамды ұстадым. Ол қыруар қаражатты туысқандарына аударғанын анықтадық. Көп ақшаны қалтасына басқанын білдік. Еріксіз сотқа жүгіндік. Бұл бизнеске күйеуімнің еш қатысы жоқ", - деді ол.