Франция Гүлнара Каримованың Париждегі мүлкін сатудан түскен ақшаны Өзбекстан үкіметіне қайтарады. Бұл туралы 9 шілдеде RFI француз радиосы прокурор Николя Байетоға сілтеме жасап хабарлады.

Прокурордың айтуынша, Гүлнараның Париждегі пәтері, Сен-Тропедегі вилласы және Версальға жақын маңда орналасқан де Груссе қамалы сатылады.

Француз тергеушілері бұл нысандар шетелдік телекоммуникация компанияларының Өзбекстан нарығына кіру үшін Гүлнара Каримоваға берген пара есебінен сатып алынғанын анықтады.

Прокурор Николя Байетоның айтуынша, Каримованың Франциядағы мүліктеріне қатысты Ташкент шешімі биыл қабылданды. Өзбекстан үкіметімен келіссөздер 18 айға созылған.

Гүлнара Каримованың Париждегі пәтері биыл көктемде 14 миллион евроға, яғни сатып алынған бағасынан екі есе арзанға сатылған. 2 миллион евро тергеу жұмыстарына кеткен шығын ретінде ұсталады.

Нәтижесінде Өзбекстан нақты қанша ақша алатынын әзірге белгісіз. Француз баспасөзінің мәліметіне қарағанда, Гүлнара Каримова Париждегі пәтерді 31 миллион евроға, вилланы 2 миллион 400 мың евроға, қамалды 28 миллион евроға сатып алған.