Еуропалық одақ Орталық Азиямен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Осылай деп Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерика Могерини хабарлады.

«Біздің кездесу өте маңызды әрі өте қарқынды болды. Өткен аптада Еуроодақтың сыртқы істер министрлері Орталық Азиямен қарым-қатынаста жаңа позитивті динамиканы атап өтіп, жаңа мүмкіндіктер ашылып жатқанын айтты. Біз Өзбекстанмен әріптестікті және ынтымақтастықты кеңейту жөнінде ұсыныс білдірдік. Дәл осында келіссөз Қырғызстан, Қазақстанмен жүріп жатыр. Тәжікстан мұндай келіссөзге дайын екенін жеткізді», – деді Могерини.

Ол сонымен бірге Орталық Азияның бес мемлекетінде Еуропалық одақтың арнайы өкілдігін ашу жөнінде келісімге келгенін айтты. Оның ішінде Түркіменстанда да арнайы өкілдік ашу қолға алынып жатыр екен, деп жазады centralasian.org.