Алматыда 6 қыркүйекте болған "Ақиқат" жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) 15-съезінде партия басшылары ауысты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиында күн тәртібіне қазіргі басшыларға сенімсіздік білдіру мәселесі шығарылып, ақырында партия басшысы Ермұрат Бапи төрағалықтан кетті. Оның орнына Асхат Рақымжанов партия басшысы болып сайланды. Ермұрат Бапи сонымен бірге партиядан да шығарылды.

Жиында кейбір партия мүшелері Бапидың партияға саяси күштерді тарту жұмыстарына сенбейтінін, оның бір топ белсенділермен бірге Парижге барып, елдің бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалимен партияның рұқсатынсыз кездескенін айыптаған.

Олар ЖСДП-ның бұрын белсенді партия болғанын айтқан. Кейбір азаматтар партияның бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдың съезге шақырылмағанына назар аударған. Олар партияның бұрынғы логотипін қалдыруды да ұсынған. Залда отырғандардың көпшілігінің көңіл-күйін байқаған Ермұрат Бапи дауласпай-ақ қызметінен кететінін мәлімдеген.

Дегенмен жиында сөйлеген кейбір азаматтар Ермұрат Бапиды қолдаған. Съезд соңында сөйлеген Ермұрат Бапи мұны партия ішіндегі алауыздық деп бағалады.

"Елдегі жалғыз оппозициялық партияны жерледіңіздер" деп Ермұрат Бапи отырыс бітпей жатып, залдан шығып кетті.