Елордада дүкен тонаған жігіт видеобақылау камерасының көмегімен ұсталды. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Полицияға медициналық бетперде киген белгісіз адамның сатушыны қарумен қорқытып, дүкен кассасындағы ақшаны алып кеткендігі туралы хабарлама түсті. Астаналық департаменттің жедел уәкілдері тонаушыны қысқа ғана уақыттың ішінде тапты. Ол 23 жастағы Алматы облысының тұрғыны болып шықты», - делінген таратылған ақпаратта.

Департамент мәліметіне қарағанда, күдікті түн ішінде дүкенге кіріп, сатушыны пневматикалық тапаншамен қорқыту арқылы ақшаны алып, із жасырған.

«Қазіргі уақытта ұсталған азамат полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды. Оның үстінен ҚР ҚК-нің «Тонау» бабы бойынша тергеу амалдарын жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күдіктінің бұған дейін жасалған қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Аталған күдіктінің заңға қайшы әрекеттерінен зардап шеккен азаматтарды қалалық полиция департаментіне келіп жүгінулерін немесе 8(7172) 71-63-16 не 102 нөміріне хабарласуын өтінеміз», - деп атап өтеді департаменттен.