Елордадан ұшатын бірнеше бағыт бойынша бағаның біршама өскені байқалады.

Бұған себеп болған мереке күндері. Демалыста діттеген жеріне ұшақпен жету үшін қазақстандықтардың қалтасы біршама сомаға қағылатын болды.

Бағаны сараптау үшін біз солтүстік, оңтүстік, батыс және шығыс өңірлерді қарастырдық. Әуе компаниялардың сайттарындағы мамырдың 9-сы мен 12-сі аралығына арналған билет бағасын салыстырдық. Сонымен, демалыста елордадан Қостанайға тікелей әуе рейсімен барып-келу - 80 мың теңге. Шымкентке сәл арзан. 70 мың теңгеден асады. Ал Нұр-Сұлтан-Атырау бағытында ұшатын тұрғындарға барып келу құны - 96 мың теңге.

Бірақ ең қымбат баға Нұр-Сұлтан-Өскемен бағытында тіркелді. Шығысқа барып келу үшін қалатаңызда кем дегенде 120 мың теңге болуы керек.

Сондай-ақ, тұрғындар жиі пайдаланатын Нұр-Сұлтан-Алматы бағытындағы рейстерге ең арзан әуе билеттері - 50 мың теңге. Мереке күндері болғандықтан билеттер шамамен екі есе қымбаттаған.

Мысалы, мамырдың 13-сі мен 16-сы аралығында Алматыға, демалыс күндеріне қарағанда, екі есе арзан бағаға баруға болады. Билет құны - 28 мың теңге. Ал Өскеменге ұшақпен барып-келу - 36 мың теңге, Атырауға - 56 мың теңге. Ал шырайлы Шымкентке әуе жолдары арқылы 35 мың теңгеге барып келуге болады. Ұшақ билеттерінің құнын қалтасы көтермейтін тұрғындар діттеген жеріне пойызбен жетеді. Байқағанымыздай, теміржол билеттерінің бағасы әзірше өзгермеген.

Дереккөз: inform.kz, Хабар 24