Спортшы Денис Теннің өліміне қатысты тергеу аяқталды деп хабарлады Астанада Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Оның сөзінше, қазір іс материалдарымен танысу процесі басталған.

Қасымов сенаттың пленарлық отырысында журналистерге "Сотқа тартылғандар іс материалдарымен танысып біткен бойда ол сотқа беріледі. Олардың құқығы құқығы бар, олар қалағанынша іспен таныса алады" деді.

19 шілдеде Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған.

Теннің өліміне қатысты істе үш күдікті бар. Олар - Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева.

Осы аптаның басында Денис Теннің туыстары іс бойынша жеткілікті материал жоғын мәлімдеп, әлеуметтік желілер арқылы спортшыға шабуыл жасалған Құрманғазы мен Бәйсейітова көшелерінің қиылысында оқиғаға куә болған адамдар болса істің ашылуына көмектесуін сұраған.