Денис Теннің өлімі бойынша күдік екінші адам іздестірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде, күдіктінің бет-бенесіне қатысты мәліметтері таратылып жатыр.

Полиция 1994 жылы 23 желтоқсанда туған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақай ауылының тумасы Арман Құдайбергеновді іздестіріп жатыр.

Айта кету керек, қылмыстық істі тергеу үшін тәжірибелі тергеушілерден тергеу тобы құрылған болатын.

Тергеу тобын ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Жанат Сүлейменов басқарды.

Күдіктілердің бірі бүгін ұсталды. Ол 24 жастағы Жамбыл облысының тумасы Қиясов Нұралы. Ол өзінің жасаған қылмысын мойындады.

Қайғылы оқиға Құрманғазы Байсейітов көшелерінің қиылысында түскі 15:00-дер шамасында болған еді.

Спортшы көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі адамның үстінен түскен. Екі арада басталған жанжалдың нәтижесінде әлгі адамдар Денис Тенді пышақтап кеткен.

Айта кету керек, кеше түскі 15:00-дер шамасында белгілі спортшы Денис Тен ауруханаға пышақ жарақатымен түскен болатын.

Дәрігерлер клиникалық өліммен түскен спортшыны 2,5 сағат бойы реанимациялық шаралар жасап, аман алып қала алмады.

Денис Тен көп қан жоғалту себепті көз жұмды.