Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева ауыр жарақат алған Денис Тенді неліктен Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізгендерін түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Жедел жәрдем қызметіне Денис жайлы хабар сағат 14.56-да келіп түсті. Хабарлама "С30" деп тіркелді. Ол адам өміріне қауіпті пышақ жарақатын алғандарға тіркеледі. Көлік жақын маңдағы станциядан сағат 14.58-де кетті, 10 минуттан соң олар оқиға орнында болды. Сағат 15.12-де оны Орталық қалалық клиникалық ауруханаға алып кетті, сағат 15.23-те ол ауруханаға жеткізілді. Екі сағаттан аса уақыт бойы жүрегі мен өкпесіне жансақтау шаралары жүргізілді. Бірақ сағат 17.30-да жүргізілген шараларға қарамастан биологиялық өлім тіркелді", - дейді Ләззат Ақтаева.

Ал неліктен дәл сол ауруханаға жеткізілгені жайлы сұраққа вице-министр жедел жәрдем бригадасының Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығын орындайтынын және Орталық қалалық клиникалық ауруханада жедел хирургиялық көмектің көрсетілетінін айтты.

"Денсаулық сақтау министрілігінің бұйрығы оның жақын маңдағы ауруханаға жеткізу. Бригада Орталық қалалық клиникалық аурухананың толықтай медициналық көмек көрсете алады деп шешті", - деп нақтылады вице-министр.

"Орталық клиникалық аурухана жайлы айтатын болсақ, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол клиникалық ауруханада жедел хирургиялық бөлім жоқ. Жедел хирургиялық бөлім Орталық қалалық клиникалық ауруханада юар. Ең бастысы науқасты жеткізу кезінде барлық қажетті жансақтау шаралары жүргізілді", - деді ол.

Сондай-ақ, вице-министр Денис Тенді ауруханаға жеткізу кезінде жүрегі мен өкпесіне жансақтау шаралары жүргізіліп, массаж жасалып, өкпені жасанды желдету аппараты орнатылып, шеткі тамырларын сұйықтықпен емдеп, жарақат алған жеріне бұрау салынғанын айтып өтті.

Осыған дейін дәрігерлер Денис Тенді неге аман алып қала алмағанын түсіндірген болатын. Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ержан Құттығожиннің айтуынша, Денис Тен ауруханаға сағат 15.23-те түсті.

"Барлық туысы мен жақынына көңіл айтамын. Кенеттен келген өлім болды. Клиникаға аса ауыр жағдайда түсті. Екі сағаттан аса уақыт бойы жүрегі мен өкпесіне жансақтау шаралары жүргізілді. Бірақ, амал не, қайтыс болды. Өмірлік маңызы бар органдарындағы жарақаттар таңып қайтыс болды", - деп түсіндірген еді дәрігер.

Ал бүгін, 20 шілдеде Денис Тенді өлтірді деген күдіктілердің бірі ұсталып, өз қылмысын мойындады. Алматы прокурорының мәліметінше, ұсталған күдіктінің аты-жөні - Қиясов Нұралы Дәулетбекұлы. Күдікті 1994 жылы дүниеге келген, Жамбыл облысының тумасы. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салайық, кеше, 19 шілдеде Алматыда белгісіз біреулер Денис Тенді пышақтап кеткен болатын. Оқиға шамамен 15.00-де Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Кейін қалалық ІІД өкілдері Денис Тенге автоұрылар шабуыл жасағанын мәлімдеді. Сөйтсек, спортшы ұрылардың үстінен түскен болып шықты. Жанжал кезінде спортшының аяғына пышақ тиіп, көп қан жоғалтқан. Ол ауруханада көз жұмды.