ҰБТ тапсыруға кірген түлектердің бірі химия пәнінің формуласын минерал су құтысының қағаз жапсырмасына жазған, формулаларды ол су құрамы жазылған мәтіннің арасына жасырған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов ОКҚ брифингінде айтып берді.

"Біз ең ерекше шпаргалкалардың тізімін жасаймыз. Биылғы бірінші орын - минерал судың жапсырма қағазындағы мәтін арасына формула жазып әкелген бала. Өздеріңіз білетіндей, минерал суды ҰБТ-ға алып кіруге рұқсат берілген. Су құрамы жазылатын мәтіннің арасында түлек химиядан қажетті формуласын жазып алыпты", - деді Әлімқұлов. Оның айтуынша, түлектің мұндай тапқырлығы Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлерін қуантқан.

"Бұл функционалдық сауаттылық деңгейінің жоғары екенін растап отыр, жыл сайын функционалдық сауаттылықты бағалауға арналған сұрақтар көбейіп жатыр, яғни логикалық ойлау, сараптау және білімді тәжірибеде қолдану. Осыған байланысты бұл дерек біздің бейресми рейтингімізде бірінші орында. Осы тапқырлығымен көзге түскен адамға техникалық ғылымдарды таңдауға кеңес береміз. Осындай қасиетімен ол елімізге көп пайда әкеле алады", - деді ол.