Алматыда дәрігерлер тал түбінен табылған 4 жасар баланың денсаулығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Дінмұхаммед Рузуддиновтың айтуынша, баланың жағдайы бірқалыпты ауыр деп бағаланғанмен, клиникалық тұрғыдан бірқатар жақсару байқалады.

«Баланың қазіргі жағдайы әлі де ауыр. Бірақ бала есін жиған. Анасының айтуынша, тамақ, су ішіп жатыр. Оң қолында бұлшықеттің әлсіреуі - гемипарез бар еді. Қазір сәл қимылдай бастады. Бір зат берсең, көтереді. Қазір тек сөйлеу жағы сәл қиындау болып жатыр. Күніне 1-2 сөз ғана айтып жатыр. Бүгінде балаға кепілдендірілген медициналық көмек көлемі аясында тегін ем-дом жасалып жатыр», - деді Д.Рузуддинов.

Дәрігерлер жарты жыл шамасында балаға қайта ота жасалып, самай сүйегі қалпына келтірілетінін айтты. Әзірге оның миы терімен қапталған.

"Бала есін біледі, оқиғаларды бағамдай біледі. Бүгін күліп, су мен ас ішіп жатыр. Қолы мен аяғы қозғалады. Бірақ әлі де көңіл-күйі тұрақты емес. Жалпы алғанда жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясындағы интенсив терапия жалғасып жатыр. Баланың бассүйегіне пластика қою қажет, сүйегі бізде. Бұл процедураны 2-3 айдан кейін немесе жарты жылдан кейін, жағдайына қарай өткізуге болады", - деп хабарлады балалар шұғыл медициналық көмек орталығының нейрохирург дәрігері Николай Дьяченко.

«Бала ем алған соң 2 апта не 1 айдай уақытта демалып, қайта ауруханаға жатқызылады, сөйтіп реабилитациялық ем-дом алады. Қазір баланың бас сүйегінің орны ашық, тек терімен жабылып тұр. 3-6 ай аралығында сүйек қайта орнына салынып, жабылуы керек. Сонымен баланың жағдайы жақсаруы тиіс», - деді Алматыдағы балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері Абай Құсайынов.

Айта кету керек, қайғылы оқиға 16 шілде күні Одесская мен Брянская көшесінде болатын. Тұрғындар тал түбінен ес-түссіз жатқан 4 жасар баланы тауып алған. Бала шалажансар күйінде шұғыл ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Бүлдіршін ауыр жарақаттан 2 аптадай комада жатты.

Алматы полициясы аталған дерекке байланысты күдікті ретінде әкесін ұстады. Баланың әкесі Мұрат Асқароглы өзінің кінәсін мойындап, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Ер адам мастықтан есеңгіреп тұрғанда баласының қыңқылын көтере алмай самайынан таспен ұрған.

Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыдағы Шығыс айналма автожолында ессіз күйде табылған 4 жасар Мұхамад Асқароғлыны өз әкесі таспен ұрғаны анықталған еді. Баланың әкесі Мұрат Асқароғлы бұл қылмысты өзі жасағанын мойындап, мас күйде болғанын айтқан болатын.