Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен республикада билер сотын жандандыруды ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Мұндай пікір ведомствоның кеңейтілген жиналысында айтылды.

"Дауды азайтудың тиімді жолы билер сотын жандандыру. Бұл мәселе күн тәртібіне сұранып-ақ тұр. Сот төрағалары билер сотын енгізу мәселесін қарастыруы керек. Әрбір елді мекенде құрметті, абыройлы азаматтар бар. Оларды дайындап, медиация курстарында оқытып, би мәртебесін беру қажет. Олар бюрократиясыз, сотсыз, сөздің күшімен-ақ қақтығысты шешіп, тараптарды ортақ шешімге келтіре алады. Сонда қоғамда дау азайып, сотқа түсіріп отырған ауырлықты жеңілдетер еді", - деп пікір білдірді Сағатбек Сүлеймен.

"Бабаларымыздың блер соты сияқты мұрасын қайта жандандыруымыз керек деп ойлаймын. Құрметті сот төрағалары, бұл мәселенің шешім жолы өз қолдарыңызда", - деді ол Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі сот корпусына.