Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевқа жемқорлық бойынша айып тағылды. Бұл ақпаратты Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесаревке сілтеме жасаған 24.kg сайты хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, ішкі істер министрлігінің тергеушісі Атамбаевқа қылмыстық топ арасында танымал Азиз Батукаевты "заңсыз босату ісі" аясында айып таққан.

"Негізсіз айып. Мен қорғап отырған азаматты куәгер ретінде шақырса, қалайша негізделген [айып] болады? Тіпті тергеген де жоқ. Оған бірден күдікке ілінгені туралы ескерту тапсырылды. Бұл баяғыдан бері жоспарланған сценарий. Бұл заңсыз, себебі Алмазбек Атамбаевтың бұрынғы президент ретінде тиіспеушілік мәртебесі бар" деді Сергей Слесарев.

Атамбаевқа басқа айыптар тағыла ма, ол жағы белгісіз.

8 тамызда Қырғызстанның күштік құрылымдары Кой-Ташта жүргізген екінші операциядан кейін елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстады.