Астанада қоғамдық автобустың жүргізушісі көлікті рөлсіз басқарған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл жағдай видеоға түсіріліп, Instagram желісіндегі ztb_video парақшасында жарияланды. Автобус жүргізушісі рөлсіз жүріп келе жатқанын, кейін жұлынған рөлді көрсетеді. "Астана LRT" компаниясының баспасөз қызметі жүргізушінің жұмыстан шеттетілгенін мәлімдеді.

"Жүргізуші Бердібеков жұмыстан шеттетілді. Бүгін тәртіптік кеңесте қаралады. Қорытындысын кейін хабарлаймыз", - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.

Астана қаласы ІІД-нің баспасөз хатшысы Софья Қолышбекова жолаушылар автобусының жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-тарауы бойынша әкімшілік іс қозғалғанын мәлімдеді.

"Сонымен қатар, автобус паркінің де әкімшілігі жауапқа тартылды. Жүргізушілер құрамына полицейлер алдын алу жұмысын өткізді. Жүргізушінің өзі жолаушыларды түсіріп тастап, көлік қозғалысына бөгет болмас үшін 100 метр жүріп өткен", - дейді Қолышбекова.