12 маусымда жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 11:00-де Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіз сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі басталды.

Орталық сайлау комиссиясының ресми ақпаратына сәйкес, Қазақстанда 9 маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауында биліктегі "Нұр Отан" партиясының кандидаты әрі елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен. ОСК мәліметінше, Тоқаевты дауыс беруге қатысқан азаматтардың 70 пайыздан көбі, яғни 6,5 млн сайлаушы қолдаған.

Тоқаев Қазақстан халқына салтанатты түрде ант бергеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев оған Қазақстан президенті куәлігін тапсырды.